Мектебіміздің қымбатты балақайлары!
Санаулы күндерден соң ескі жылмен қош айтысып, жаңа 2021 жылды бәріміз қарсы аламыз.
Жаңа жыл – барша қауымның, әсіресе өздерің секілді балақайлардың асыға күтіп жүретін ғажайып мерекесі ! Жаңа жыл - жақсы жаңалықтар мен игі істердің хабаршысы! Жаңа армандарымызға, биік мақсаттарымызға қадам жасар сәт!
Мен, ең алдымен, осы оқу жылында онлайн оқып жүріп-ақ, түрлі байқауларға қатысып, білімдеріңді шыңдай түскендерің үшін өздеріңе үлкен алғысымды білдіргім келеді. Білімді болғысы келген, дарынын, талантын шыңдағысы келген адамға еш кедергі жоқ.
Сендер - Тәуелсіз Қазақстанда өсіп жатқан, ең бақытты ұрпақсыңдар. Бүгінгі таңда сендердің сапалы білім, саналы тәрбиемен қаруланып, денсаулығы мықты, жан- жақты дамыған азамат болып өсулеріңе бар мүмкіншілік жасалынып жатыр. Бұл мемлекет басшысының өздеріңе деген қамқорлығы және қолдауы деп біліңдер!
Өздеріңе білдірілген сенімнен шығып, үмітімізді ақтайтындықтарыңа біз әбден сенімдіміз! Жаңа жыл құтты болсын!