Бүгін Елорда іргесіндегі Қажымұқан ауылында қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Қажымұқан Мұңайтпасов саналы ғұмырын қазақ күресіне арнаған, қазақ елін әлемге паш еткен палуан. Кейбір деректерге сүйенсек, орасан күштің иесі күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанып, 54 мемлекетте күш сынап, 48 медаль алған.
Салтанатты іс-шарада ҚР мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сапиев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөзін сөйледі. Белгілі спортшы, алып күш иесі Сергей Цырульников өз кезегінде көпшілікке өнерін көрсетті. Палуан атамыздың мерейтойына арналған шара қазақ күресінен жасөспірімдер мен ересектер арасындағы облыстық турнирмен жалғасын тапты. Мұндай бастамалар ата-бабамыздың мұрасын жаңғыртып, соның негізінде жастарды тәрбиелеуге бағытталмақ. Болашақта шағын ауылда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттық кешен бой көтермек. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойына ата-бабаларымыз аманаттап кеткен қасиеттерді сіңдіру. Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін ұлықтау, мәңгілік есте қалдыру, өнерін жастарға үлгі ету мақсатындағы мұндай шаралар кішкентай ғана ауылдың еңсесін тіктеп, әлеуетіне серпін берері анық. Шара кезінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталды.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ руханиятының ұлы тұлғасы. Тау тұлғаны қалай ұлықтаса да жарасады. Ізін жалғайтын ұрпақтары бар жерде ұлы бабаның мұрасы өлмек емес.