Салауатты тамақтанудың алты ұстанымы🍎🍐🥑🍅🥝🥒🥬🥦🥕🍑🍒🍓🍊🍋🌽
Гиппократтың: «Сіздің тағамыңыз – дәрі, ал дәріңіз- тағам болуы тиіс» деген сөзін еске алайық. Салауатты тамақтану – өнімдердің пайдалы қасиеттерін ескеріп, қолданатын тамақтану. Салауатты тамақтану ұстанымдарын қадағалау организмнің ақуыздарға, майларға, көмірсуларға, дәрумендерге, макро- және микроэлементтерге, басқа да көптеген қоректік заттектерге барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді, осы арқылы:
– өсу үстіндегі организмнің қалыпты дамуына ықпал етеді,
– жақсы денсаулық пен ұзақ жасауды қамтамасыз етеді,
– иммунитетті арттырады,
– ақыл-ой еңбегі қабілетін жақсартады,
– дене шыдамдылығын жақсартады,
– көптеген аурулардың дамуының алдын алады.
Керісінше, салауатты емес тағам асқазан-ішек жолдары ауруларының, семіздіктің, қан айналымы жүйесі ауруларының, созылмалы жұқпалы емес аурулардың (СЖЕА) дамуына апаруы мүмкін. СЖЕА себебі – заттек алмасуының бұзылуына апаратын бір заттектердің тапшылығы және/немесе басқа заттектердің артық мөлшері. Дұрыс тамақтанбаудың жағымсыз салдары бірден білінбейді. Организм ағзалар мен жүйелердің қызметінің бұзылысын өтей алмайтын болған кезде ауру дами бастайды. Жылдар бойы жинақталған өзгерістердің бетін қайтару қиын. Бұл үшін сәйкес емдеу, уақыт және науқастың тарапынан дәрігердің ұсыныстын қатаң орындау қажет. Ең бастысы – адамның өз денсаулығына көзқарасын өзгерту. Сондықтан, баласына өмірінің басынан бастап дұрыс тағамдық дағдыларды қалыптастырған ата-аналар баласының денсаулығының мықты іргесін қалайды.
Тамақтану тәртібіндегі тәрбиенің негізі
Дұрыс тамақтанудың алғашқы ұстанымдарының бірі – тамақтану тәртібін сақтау. Тамақтану тәртібі – тәулік бойы тамақ тұтынудың уақыты мен мөлшері. Тамақты ұдайы белгіленген бір уақытта ішу қажет. Тамақтану тәртібінің болмауы ас қорыту ағзаларының жұмысын қиындатады, артық дене салмағының пайда болуына ықпал етеді. Тамақты үнемі белгілі бір уақытта ішу асқазан-ішек жолдары жұмысының ырғағын белгілі бір сағатта өз қызметін толығымен орындауға дайын болуын қалыптастырады. Бұл толыққұнды және жайлы ас қорытылуын және тағамның сіңуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, мұндай дағды баланың негізгі тамақ ішудің алдында тәбетін жоятын түрлі снектерді жегісі келетін тілегін азайтады.
Оқушылардың тамақтану тәртібі оқу жүктемесіне, спорт секциялары мен үйірмелерге байланысты. Тамақтану тәртібін секцияларға, үйірмелерге, клубтарға қатысу уақытына байланысты түзетуге болады. Қандай жағдайда болсын, 4-5 реттік тамақтану ұсынылады: үш негізгі тамақ ішу (таңғы, түскі және кешкі ас) және бір-екі бірасар (екінші таңғы ас, бесіндік ас). Өкінішке қарай, көптеген балалар таңғы асты дұрыс ішпестен, мектепке жүгіріп кетеді. Бұл – тамақтану тәртібінің өрескел бұзылысы, баланың денсаулығына әсер етуімен қатар оның жұмысқа қабілетін де төмендетеді, мектептегі оқу материалын игеруді қиындатады. Таңғы ас күні бойғы сергектікке ықпал етеді. Оқушының таңғы асы жеткілікті тойымды болуы қажет және ірімшік, жұмыртқа тағамдары немесе ботқа ұсынылады. Бірасар ретінде бала қандай да бір көкөністі, жемісті және/немесе бір уыс жаңғақты немесе сүзбемен тұтас дәнді нандарды жеуіне болады. Тамақ ішу аралықтары 2,5-3 сағатты құрауы тиіс.