Қажымұқан ауылы, №4 негізгі мектебі ерекше атап өткен мереке Қарттар күні. Ауылымыздың тойханасында қарттар күніне арнап дастархан жайылды. Мектебіміздің ұжымы белсене ат салысып арты үлкен тойға ұласты.
Қарттарым – қазынам
Айналаға көз салып қараңызшы, мына қоршаған әлемге. Уақыт жылжып барады…Зымыраған сағат тілінің шексіз тықылдап соғуына мән бермеген біз, уақыттың қалай жылдам өтіп кеткенін сезбей де қаламыз. Әй, күйбең тіршілік… Уақытпен қоса, ақиқатты айқындайтын, дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын қариялардың, біздің дарияларымыздың азайып бара жатқанын байқадыңыз ба?
Қазақпыз ғой…Қазақ халқы үшін үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету адамшылдықтың ең жоғарғы қасиеттерінің бірі болып саналады. Даналықтың алтын кілті – ата – бабаларымыз. Ата жолын жалғап келе жатқан бүгінгі күнгі ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз. Шаңырақтың , тұтастай бір ауылдың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етер қамқоршысы, ақылын айтар елі мен жерінің кеңесшісі. Бұл біздің дана қарияларымызға қаратып айтылған. Олардың әрбір айтқан гауһар тасқа бергісіз ақылдары жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне өте мол үлесін тигізеді. «Қарты бар үй, қазыналы үй»-деп бекер айтылмаса керек. Себебі, олар үйдің берекесі мен мерекесі. Ата дәстүр салтымыздан таймай, ескі ғұрыптармен сусындатып, бабалардың жолымен жүретін өр рухты қазақты тәрбиелеп шығарады. Сондықтан да болар, қарты бар үйден қазақилықтың иісі шығып тұрады.
Ал енді қазіргі қоғамдағы айтулы проблемаға қайта оралайық. «Кәрінің бары-игі»-деген сөз бар. Алайда, қазіргі таңда дана халқымыздың ұрпағы аталмыш мақалдың мәнісін түсінбей, игіліктен өздері бас тартып жатыр. Қапасқа толы, отбасынан жырақ, біздер үшін беймәлім әлемге еш шүміркпестен тапсыра салады. Иә, иә, дәл таптыңыз, сол қарттар үйін айтам. Әлбетте, мемлекеттің қамқорлығы, бауыр еті баласының жымиған бір күлкісін, немерелерінің «аталаған, әжелеген» былдырының орнын баса алмайды ғой. Бірақ, мейірімге, шынайы, рухани қамқорлыққа, жан жылуына зәру қарияларымыз қаншама…Ал бұл жағдай қатігез, тасжүрек ұл мен қыздардың санасыздығынан деп түсінемін. Баласының жолына қарай-қарай уақытын өткізетін, елжіреп елесің көз алдынан көретін, сағыныштың ащы дәмін татып жүрген асылдарымызды , калай ғана қалдырып кете берген?...
Егер сен, өз перзентім құрметтесін десең, сен де ата-анаңды құрметте, ата –анаңа не істесең, саған перзентің де соны жасайды. Перзент жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы күтсең, жемісі де дәмді, жақсы болады. Сен ата-анаға деген ізет, құрметіңді аямасаң, саған деген олардың ізгі тілегі қабыл болғаны. Айтайын дегенім, «әке-шешеңді ешқашан қараусыз қалдырма!» Сені кішкентай күніңде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды дәл солай мейіріміңе бөле.